Жиі іздейді

Керегін таппадыңыз ба? Бізге жазыңыз
Сала жаңалықтары

Берия басқарды, америкалықтар жабдық берді: Қазақстандағы алғашқы мұнай өңдеу зауыты қалай салынды

Осыдан тура 79 жыл бұрын, 1945 жылғы 8 қыркүйекте №441 зауыт (қазіргі Атырау мұнай өңдеу зауыты) Қазақстандағы алғашқы бензин партиясын өндірді. Ол кезде кәсіпорын жылына небәрі 800 мың тонна мұнай өңдеуге есептелген еді…

CAD.kz редакциясы

Осыдан тура 79 жыл бұрын, 1945 жылғы 8 қыркүйекте №441 зауыт (қазіргі Атырау МӨЗ) Қазақстандағы алғашқы бензин партиясын шығарды. Ол кезде кәсіпорынның мұнай өңдеу қуаты жылына небәрі 800 мың тонна болатын. Зауыт АҚШ-тың ленд-лиз бойынша жеткізілген жабдықтарымен және НКВД басшысы Лаврентий Берияның тікелей басшылығымен салынған.

Зауыттың қазіргі көрінісі

Қазақстандағы алғашқы МӨЗ-ді салу туралы шешім 1943 жылы Екінші дүниежүзілік соғыстың қызған шағында қабылданды. Майданға отын қажет болды. Сол кезде Мемлекеттік қорғаныс комитеті КСРО-ның шығыс өңірлерінде мұнай өңдеу қуаттарын салу туралы №3181-ссо қаулысын шығарды.

«№441 зауыттың құрылыс орнын Қазақ КСР-інің Гурьев қаласы деп белгілеу. Жалпы басшылықты НКВД-ға — Лаврентий Павлович Берияға жүктеймін. Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағасы Иосиф Виссарионович Сталин», — делінген комитет қаулысында.

1945 жылғы зауыт

Стратегиялық объектіні тұрғызуға барлық күш жұмылдырылды: зауыттың техникалық жобасын америкалық «Баджер и сыновья» компаниясы әзірледі, ал жергілікті жағдайға бейімдеуді «Эмбанефтьпроект» жобалаушылары орындады.

«1945 жылғы 9 ақпандағы “Правда” газетінде Рузвельттің Конгреске есебіне сілтеме жасалып, АҚШ 1941 жылғы 1 сәуірде ленд-лиз заңы іске қосылғаннан 1944 жылғы 30 маусымға дейін $28,3 млрд сомасына жабдық, материал жеткізіп, түрлі қызмет көрсеткені жазылған. Бұл АҚШ-тың әскери мұқтаждықтары мен қорғаныс шығындарының 15%-ын құрады.

Соның ішінде КСРО-ға $5,9 млрд, яғни одақтастарға жеткізілімдердің 21%-ы тиесілі болды. Жеткізілім құрамында Гурьев, Орск, Красноводск және Куйбышев мұнай өңдеу зауыттарына арналған технологиялық жабдықтар болды», — деп жазылған Атырау МӨЗ-інің 1986-1999 жылдардағы директоры Владимир Гафнердің кітабында.

1945 жылғы 8 қыркүйекте Гурьев МӨЗ алғашқы өнімін — автомобиль бензинін шығарды. Мемлекеттік комиссия бұл күнді Қазақ КСР-індегі мұнай өңдеу өнеркәсібінің басталуы деп белгіледі. Кәсіпорын жылына 800 мың тонна Ембі мұнайын өңдеуге есептелген еді. Мұнда авиациялық және автомобиль бензині, мотор және қазандық отындары өндірілді.

Бүгінде Атырау МӨЗ — Павлодар және Шымкент зауыттарымен қатар Қазақстандағы үш ірі мұнай өңдеу кәсіпорнының бірі. Оның акцияларының 99%-ы «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына тиесілі. Кәсіпорын жылына 5,5 млн тоннаға дейін мұнайды түрлі отын және мұнай-химия өнімдеріне өңдеуге есептелген.

Дереккөз: https://www.lada.kz/