Қазақстанның 2029 жылға дейінгі ұлттық инфрақұрылымдық жоспары
Жоспарда инфрақұрылымның төрт бағыты бойынша 204 жоба қарастырылған: энергетика — 46 жоба; көлік — 59 жоба; инфрақұрылым…
Мазмұны
Инфрақұрылымдық жоспар бойынша төрт бағытта 204 жобаны іске асыру қарастырылған
- энергетикалық инфрақұрылым — 46 жоба;
- көлік инфрақұрылымы — 59 жоба;
- сумен жабдықтау және су бұру инфрақұрылымы — 89 жоба;
- цифрлық инфрақұрылым — 10 жоба.
Атап айтқанда, жоспар электр энергиясына өсіп келе жатқан сұранысты өтеуге бағытталған жаңа қуаттарды іске қосу жобаларын көздейді. Жаңа электр станцияларын салу және қолданыстағыларын жаңғырту жобалары бірнеше себеппен А тізіміне енгізілген:
- халықты сенімді электр және жылумен қамтамасыз етеді;
- тіршілік үшін маңызды объектілердің жұмысын қамтамасыз етеді;
- ел экономикасын дамытудың негізгі элементі болып табылады;
- импортталатын энергияға тәуелділікті азайтып, энергетикалық қауіпсіздікті күшейтеді;
- апаттық жағдайлардың туындау қаупін азайтады.
Сонымен қатар 2029 жылға дейін Total Eren, Masdar, ACWA Power және Сhina Power International Holding сияқты стратегиялық халықаралық серіктестер қатысатын жаңартылатын энергия көздерінің ірі жобаларын аяқтау жоспарланған. ЖЭК саласындағы жетекші бұл компаниялар Қазақстан жобаларына инвестиция салуға қызығушылық танытты, бұл елдің экономикалық дамуына және ЖЭК үлесінің өсуіне ықпал етеді.
Қазақстандағы жылу желілерін жаңғырту жобасы да қарастырылған, ол жылу желілерінің тозу көрсеткішін жақсартуға тиіс.
Жоспарды энергетикада іске асыру нәтижесінде
- генерация қуаттарының тозуы 2029 жылға қарай 47%-ға дейін төмендейді (2024 жылы — 53%);
- 2029 жылға қарай электр қуаты тапшылығы жойылады;
- 2029 жылы жалпы электр өндірудегі ЖЭК үлесі 12,5% болады (2024 жылы — 6%);
- жинақтау жүйелерімен бірге енгізілетін электр қуаты 2029 жылға қарай 14,785 ГВт-қа жетеді (2024 жылы — 0,695 ГВт);
- жылумен жабдықтау желілерінің тозуы 2029 жылға қарай 43%-ға дейін төмендейді (2024 жылы — 52%).
«Кеңқияқ – Атырау» мұнай құбырының реверстік режимдегі қуатын жылына 6 млн тоннадан 15 млн тоннаға, ал «Кеңқияқ – Құмкөл» құбырының қуатын 10 млн тоннадан 20 млн тоннаға дейін арттыру жоспарланған.
Теміржол инфрақұрылымында транзиттік тасымалды өсіру және ішкі көлік қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін негізгі учаскелерді салу, қайта құру және жаңғырту жобалары іске асады. Оларға «Достық – Мойынты», «Дарбаза – Мақтаарал» желілері, Алматы айналма теміржолы, ҚХР шекарасындағы «Бақты» теміржол өткелі және басқа жобалар кіреді.
Авиация инфрақұрылымында бірнеше әуежайдың аэровокзалдары мен ұшу-қону жолақтарын, соның ішінде негізгі тораптардың бірі саналатын Шымкент әуежайын реконструкциялау қарастырылған.
Сонымен қатар су ресурстарының сапасын сақтауға және қоршаған ортаның жай-күйін қолдауға ықпал ететін тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту бойынша 67 жоба жоспарланған. Сондай-ақ 19 жаңа су қоймасын салу көзделген.
Жоспар өңдеу өнеркәсібі, цифрлық сала және басқа бағыттар бойынша шараларды да қамтиды.
204 жобаны қаржыландыру қажеттілігі 40,1 трлн теңгені құрайды, оның ішінде
- республикалық бюджеттен — 1 трлн теңге;
- Ұлттық қордан — 0,5 трлн теңге;
- жергілікті бюджеттерден — 2 трлн теңге;
- бюджеттен тыс қаражаттан — 36,6 трлн теңге.
Жобаларды іске асырудың нақты қаржыландыру көздері инвестициялық кезеңде тиісті сараптамалар мен қорытындылар алынғаннан кейін айқындалады.
Жоспардың күтілетін экономикалық әсері
- Жобаларды іске асырудан жалпы қосылған құнға (ЖҚҚ) қосылатын үлестің жиынтық әсері 24,6 трлн теңге деп бағаланады.
- ЖІӨ өсіміне орташа үлес 2,3% деңгейінде күтіледі (2024 жылы — 1,6%).
- Жоспардың мультипликативті әсерлерінің бірі — шамамен 150 мың жұмыс орнын ашу, оның 26 582-сі тұрақты, 120 355-і уақытша.
«Ел ішіндегі құндылық көрсеткіштерін орындау әлемдік нарықтарға тәуелділікті азайтады, ал жоспар жобаларын іске асыруда қолданылатын материалдарды регламенттеу өңдеу өнеркәсібінде жаңа және қосымша өндірістерді дамытуға, сондай-ақ жобалардың инвестициялық және іске асыру кезеңдерінде офтейк-келісімшарттар жасасу мүмкіндіктерін қарастыруға ықпал етеді», — деп есептейді құжат әзірлеушілері.
