Жиі іздейді

Керегін таппадыңыз ба? Бізге жазыңыз
Жаңа нұсқалар мен жаңартулар

Revit 2027.3 және 2027.4 жаңалықтары: жасанды интеллект, учаскемен жұмыс және басқа да жақсартулар

Autodesk Revit 2027.3 және 2027.4 жаңартуларын ұсынды. Енді жасанды интеллект модельді бапtaуға және автоматтандыру сценарийлерін жасауға көмектесе алады, қоршаған құрылыс туралы деректерді жобада пайдалану оңайлады, ал кейбір әдеттегі әрекеттер аз қадамды қажет етеді. Не өзгергенін және бұл жобалаушыларға қалай пайдалы екенін қарастырамыз.

CAD.kz редакциясы

Autodesk Assistant: көбірек тапсырманы қарапайым сөздермен орындауға болады

Негізгі өзгерістердің бірі Revit-тің кіріктірілген ЖИ-көмекшісі Autodesk Assistant-пен байланысты. Қажетті командаларды іздеп, параметрлерді қолмен өзгерту орнына, пайдаланушы тапсырманы қарапайым тілде сипаттай алады.

Мысалы, спецификациядан сүзгілерді алып тастауды, элементтердің бейнеленуін өзгертуді немесе көріністе белгілі бір объектілерді жасыруды сұрауға болады. Көмекші қолдау көрсетілетін әрекеттерді орындайды, ал сұрауды орындай алмаса, себебін түсіндіріп, келесі қадамдарды ұсынады.

Dynamo құралымен жаңа интеграция ерекше қызықты — ол Revit-тегі қайталанатын әрекеттерді автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұрын Dynamo-да сценарий жасау үшін командалар тізбегін арнайы блоктардан өз бетіңізше құрастыру керек еді. Енді Autodesk Assistant мәтіндік сипаттама бойынша мұндай сценарийлерді жасауға көмектесе алады.

Мысалы, жобадағы қай есіктерде отқа төзімділік шегі көрсетілмегенін тексеру қажет делік. Пайдаланушы тапсырманы сипаттайды, ал көмекші қажетті Dynamo блоктарын таңдап, оларды өзара байланыстырады да, тексеруді іске қосады.

image

Autodesk Assistant көмегімен Dynamo-дағы жұмысты автоматтандыру.

Revit 2027.4-те бұл функция қосымша жеделдетілді: көмекші сценарийге бірден бірнеше өзгеріс енгізіп, оны әр жеке қадамнан кейін емес, әрекеттер тобы толық аяқталғаннан кейін іске қоса алады.

Осылайша, автоматтандыру тек Dynamo-ны жақсы білетін мамандарға ғана емес, көпшілікке қолжетімді бола түседі. Бұл ретте DynamoMCP-тің жаңа мүмкіндіктері әзірге техникалық алдын ала тестілеу режимінде (Tech Preview) тұр, сондықтан жасалған сценарийлерді нақты жобаларда пайдаланбас бұрын тексеру қажет.

Revit және Autodesk Forma: учаске туралы көбірек ақпарат тікелей жобада

Жаңартулардың тағы бір маңызды бағыты — Revit-тің Autodesk Forma бұлттық платформасымен интеграциясы. Ол жобаны әзірлеу сатысында-ақ қоршаған құрылысты, бедерді және табиғи жағдайларды ескеруге көмектеседі.

Бұрын осындай ақпаратпен жұмыс істеу үшін деректерді әртүрлі көздерден алып, бағдарламалар арасында тасымалдауға тура келетін. Енді осы әрекеттердің бір бөлігін Revit-тің Forma-мен байланысы арқылы тікелей орындауға болады.

Мысалы, жобаны бастағанда мекенжайды көрсетуге немесе картадан нүктені таңдауға болады. Revit бұл деректерді модельді алдын ала географиялық байланыстыру үшін пайдаланады, сонда ол қажетті жерде орналасады.

image

Модельді учаскенің орналасқан жеріне байланыстыру.

Сондай-ақ учаскенің жанындағы жолдар туралы ақпаратты жүктеу мүмкіндігі пайда болды. Бұл жобалаушыға кіреберістерді, көшелердің орналасуын және болашақ ғимараттың қоршаған аумақпен байланысын алдын ала көруге көмектеседі.

Revit 2027.4-те Forma-ның басқа деректерімен жұмыс істеу де ыңғайлы болды. Енді айналадағы құрылыстың барлығын жобаға көшіру міндетті емес. Жер бедерінің қажетті учаскесін, ғимаратты, жолды немесе басқа объектіні ғана таңдап, оны Revit-тің өңделетін элементтеріне түрлендіруге болады. Қалған ақпарат визуалды бағдар ретінде сақталады.

Табиғи жарықтандыру талдауы тікелей Revit-те

Revit 2027.4-те Forma-мен байланысты тағы бір құрал пайда болды — Daylight Potential Analysis. Ол қасбеттің әртүрлі бөліктеріне шашыраңқы күндізгі жарықтың қаншалықты жететінін бағалауға көмектеседі.

Нәтижелер 3D модельде тікелей түрлі-түсті карта түрінде көрсетіледі. Одан ғимараттың қай бөліктері көбірек жарық алатынын, ал қайсысы айналадағы құрылыстың немесе ғимараттың өз элементтерінің көлеңкесінде қалатынын көруге болады.

image

Қасбеттердің табиғи жарықтандыру талдауының нәтижелері.

Мысалы, архитектор ғимараттың орналасуын немесе пішінін өзгертіп, нәтижелерді салыстыру үшін талдауды қайта іске қоса алады. Бұл ғимарат көлемін немесе терезелердің орнын салыстырмалы түрде оңай өзгертуге болатын жобалаудың ерте кезеңдерінде пайдалы.

Жарықтандырудан бөлек, Revit-те Forma-дағы жел мен микроклимат талдауының нәтижелерін де көрсетуге болады. Бұл деректердің барлығы учаскенің нақты жағдайларын ескеріп, жобалық шешімдер қабылдауға көмектеседі.

Revit-тің Forma-мен интеграция функциялары, соның ішінде жарықтандырудың жаңа талдауы, әзірге Tech Preview режимінде қолжетімді.

Сызбалар мен аннотациялармен жұмыс істеу ыңғайлырақ болды

Барлық өзгерістер жасанды интеллектпен байланысты емес. Autodesk жобалаушылар үнемі кездесетін бірнеше күнделікті операцияны да жақсартты.

Мысалы, толып тұрған сызбамен жұмыс істегенде қажетті белгіні немесе өлшемді таңдау қиын болады: белгінің орнына кездейсоқ қабырға, жабын немесе модельдің басқа элементі бөлектеліп қалады.

Мұндай жағдайлар үшін Revit 2027.3-те Isolate Annotations режимі пайда болды. Ол модель элементтерін уақытша аз байқалатын етіп, өлшемдерге, белгілерге, мәтіндерге және басқа таңбалауларға назар аударуға мүмкіндік береді.

image

Revit-тегі аннотацияларды бөлектеу режимі.

Бұл шағын өзгеріс, бірақ ол сызбаларды рәсімдеуді айтарлықтай жеңілдетуі мүмкін, әсіресе белгілері көп жобаларда.

Revit 2027.4-те бұлттағы модельдерді сақтау терезесі де жаңартылды. Ол жылдамдады, жобалар, қалталар және файлдар бойынша ыңғайлырақ іздеу мен қараңғы тақырыпты қолдау пайда болды.

Көміртек ізін талдау толығырақ болды

Autodesk ғимараттардың экологиялық сипаттамаларын бағалау құралдарын дамытуды жалғастыруда. Forma Carbon Insights бұлттық сервисінде материалдар мен конструкциялардың көміртек ізін есептегенде ескерілетін Revit элементтерінің тізімі кеңейтілді.

Енді талдау негізгі құрылыс элементтерін ғана емес, сондай-ақ терезелерді, есіктерді, баспалдақтарды, инженерлік жабдықты, ауа өткізгіштерді, құбыржолдарды және басқа компоненттерді де қамтуы мүмкін.

image

Ғимараттың көміртек ізінің кеңейтілген талдауы.

Жобалаушы таңдалған конструкциялар мен материалдардың қоршаған ортаға әсерін толығырақ бағалай алады. Сондай-ақ ғимараттың есептік қызмет ету мерзімінің қосымша нұсқалары — 50, 60 және 100 жыл — пайда болды, ал инженерлік жүйелердің энергия тұтынуын талдау мүмкіндіктері кеңейді.

Бірлескен жобалар үшін есептік модельді дайындау жақсартылды: талдау алдында жүйе соңғы өзгерістерді ескереді және деректерді орталық модельмен синхрондайды.

Тағы не өзгерді

Revit 2027.3 нұсқасында пайдаланушылық болат қосылыстарына қатаңдық қабырғаларын қосу мүмкіндігі пайда болды. Бұл металл конструциялардың күрделі тораптарын жасауды және қайта пайдалануды жеңілдетеді.

Жобаларды үйлестіру құралдары да дамып келеді. Data Exchanges технологиясының арқасында Revit, Inventor және басқа бағдарламалардағы модельдердің жекелеген деректерін бірлесіп тексеру үшін беруге болады. Атап айтқанда, мұндай деректер коллизияларды — жобаның әртүрлі бөлімдерінің элементтері бір-бірімен қиылысатын жағдайларды — автоматты түрде іздеуге қатыса алады.

Сонымен қатар Revit 2027.4 нұсқасында IFC бойынша анықтамалық материалдар жаңартылып, Autodesk-тің бірнеше дереккөзіндегі ақпарат бір жерге жиналды.

Бұл Revit пайдаланушылары үшін нені білдіреді

Revit 2027.3 және 2027.4 жаңартулары Autodesk бағдарламаны қай бағытта дамытып жатқанын көрсетеді. Көбірек міндеттерді автоматтандыруға болады, ал учаске туралы ақпарат пен талдау нәтижелері жобалау кезінде тікелей қолжетімді болады.

Пайдаланушылар үшін бұл қайталанатын операцияларға аз уақыт жұмсауды, құжаттамамен ыңғайлырақ жұмыс істеуді және құрылыс басталмай тұрып жобалық шешімдерді тексерудің қосымша мүмкіндіктерін білдіреді.

Сонымен бірге кейбір жаңа функциялар, атап айтқанда ЖИ-мен интеграция және Forma-ның жекелеген құралдары әзірге алдын ала сынақ режимінде екенін және шектеулері болуы мүмкін екенін ескерген жөн.

Revit-тің қолжетімді жаңартуларын Autodesk Access арқылы немесе Autodesk Account жеке кабинеті арқылы орнатуға болады.

Егер ұйымыңызға Қазақстанда Autodesk Revit сатып алу немесе қызметкерлерді оқытуды ұйымдастыру қажет болса, CAD.kz мамандары қолайлы шешімді таңдауға көмектеседі.

дереккөз: www.autodesk.com