Қазақстан Республикасының бірыңғай құрылыс ақпараттық жүйесі — Е-QURYLYS
Бірыңғай құрылыс ақпараттық жүйесі қалай жұмыс істейді? Қазақстанда құрылыс сапасын бақылауды және нысандарды пайдалануға қабылдауды автоматтандыратын Е-QURYLYS бірыңғай ақпараттық жүйесі құрылмақ. Оның…

Қазақстанда құрылыс сапасын бақылау мен нысандарды пайдалануға қабылдауды автоматтандыратын бірыңғай E-QURYLYS ақпараттық жүйесі құрылады. ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті жүйенің не үшін қажет екенін және қалай жұмыс істейтінін түсіндірді.
Порталдың негізгі мақсаты — қағаз құжат айналымын электрондық форматқа көшіру. Қазір құрылыс нысаны бойынша рұқсат құжаттарынан бастап пайдалануға беруге дейінгі барлық рәсім қағаз жүзінде жүргізіледі. Жұмыс өндірісі, техникалық және авторлық қадағалау, кіріс бақылауы журналдары мен жасырын жұмыстар актілері күн сайын қолмен толтырылады.
E-QURYLYS жүйесінің жалпы жұмыс тәртібі мынадай болады:
- Тапсырыс беруші жүйеге рұқсат құжаттарын және сараптаманың оң қорытындысы бар жобалау-сметалық құжаттаманы жүктейді.
- Құрылыстың басқа қатысушылары (мердігер ұйым, техникалық және авторлық қадағалау өкілдері) ЭЦҚ арқылы порталға кіріп, өз жұмысын орындайды. Мысалы, техникалық және авторлық қадағалау мамандары журналдарды электрондық түрде толтырып, ескертулер береді, ал мердігер атқарушылық-техникалық құжаттаманы (АТҚ) жүргізіп, ескертулердің жойылғаны туралы есепті жүйеге енгізеді.
- Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы (МСҚБ) мен Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті қашықтан камералдық бақылау жүргізіп, жазбаша ескертулер береді. Бұзушылықтар жойылмаса немесе тиісінше түзетілмесе, бақылау-қадағалау органдары тексеру жүргізеді.
- Қажет болған жағдайда жүйеге өрт қызметін, санитариялық-эпидемиологиялық қызметті және еңбек инспекциясын қосуға болады.
Жүйеде құрылыстың жоспарлы және нақты кестелері, сондай-ақ қазаншұңқыр қазудан бастап нысанды пайдалануға беруге дейінгі барлық кезеңдегі орындалу пайызы көрсетіледі. Фото- және бейнетіркеу, онлайн-трансляция қарастырылған. Кіріс бақылау журналы арқылы құрылыс кезінде отандық материалдардың пайдаланылуын қадағалауға болады.
E-QURYLYS енгізу технологиялық үдерістердің ашықтығын арттырып, бақылау тиімділігін жақсартады, құжат айналымын жылдамдатады және нысанды пайдалануға қабылдау рәсімін жеңілдетеді деп күтілуде.
Қазіргі уақытта комитет жүйені әзірлеу және енгізу мәселесін пысықтап жатыр.
